Әскери парадқа қатысқан шымкенттік әйел әскери қызметшілер туған қалаларына оралды

Әскери парадқа қатысқан шымкенттік әйел әскери қызметшілер туған қалаларына оралды,-деп хабарлайды Pressa24.kz тілшісі.
Шымкент теміржол вокзалында Астанада өткен әскери парадқа қатысқан он екі әйел әскери қызметшіні салтанатты түрде қарсы алды. Олар Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге қатысып, өңір намысын абыроймен қорғады.
Пойыздың кешігіп келуіне қарамастан, перонда мерекелік көңіл күй ерекше байқалды. Гарнизон басшылығы, туыстары мен әріптестері әскери қызметшілерге гүл ұсынып, жылы лебіздерін жеткізді.
Гарнизон бастығының орынбасары подполковник Қуаныш Айдынғалиев парадтың ерекше мәнін атап өтіп, қатысушыларға алғысын білдірді: – Бұл парад сегіз жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылды және екі маңызды датаны біріктірді. Бұл — Ұлы Жеңістің тарихи мұрасын сақтаудың және қазіргі буынға әскери дәстүрлерді табыстаудың айқын белгісі. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындадыңыздар, – деді ол.
Әскери парадқа дайындық 45 күнге созылып, қатысушылар күн сайын саптық жаттығуларға қатысқан. Бұл үлкен төзімділік пен кәсіби дайындықты талап етті.
Әйелдердің оралуы туған-туыстары мен жақындары үшін ерекше қуанышқа айналды. Қарсы алу сәті эмоцияға толы, шынайы әрі есте қаларлық болды.