Бәйдібек ауданында шомылу маусымындағы қауіпсіздік – басты назарда

 

Бүгін Бәйдібек ауданында шомылу маусымының басталуына орай қауіпсіздік шараларын пысықтауға арналған онлайн форматтағы жиын өтті. Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған кеңеске аудан әкімінің орынбасары С. Рысбеков төрағалық етті. Жиынға ауылдық округ әкімдері мен сала мамандары қатысты.

Кездесу барысында су айдындарында адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау, арнайы шомылу орындарын белгілеу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, құтқару қызметтері мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды.

Ауыл әкімдеріне суға шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу тапсырылды. Әр округте ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпті аймақтарда ескерту белгілері орнатылатын болады.

Жиын қорытындысында барлық ұсыныстар бойынша нақты шешімдер қабылданып, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.