Бәйдібек ауданында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

 

Бүгін Бәйдібек ауданы әкімдігінде кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мәселелеріне арналған жұмыс жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев төрағалық етті.

Кеңес жұмысына аудандық Білім бөлімі, Полиция бөлімі, Жастар ресурстық орталығы мен Ішкі саясат бөлімінің басшылары қатысты.

Басқосу барысында жасөспірімдермен жүргізіліп жатқан тәрбие, құқықтық сауаттылықты арттыру және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар сараланып, өзекті түйткілдер сөз болды.

Нұрпеис Ақбаев құқық бұзушылықтың алдын алу – барлық жауапты құрылымдардың үйлесімді әрекетіне негізделетін маңызды жұмыс екенін атап өтті. Ол мектептегі тәрбие бағытын күшейту, әлеуметтік осал топтағы балалармен жүйелі жұмыс жүргізу және білім беру ұйымдары, полиция, жастар ұйымдары арасындағы байланысты нығайту қажеттігін айтты.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді:

  • Білім бөліміне – құқықтық тәрбие жұмыстарын күшейту, «тәуекел» тобындағы оқушылармен жеке жұмыс ұйымдастыру;
  • Ішкі саясат бөліміне – жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  • Полиция бөліміне – мектеп инспекторлары арқылы алдын алу шараларын жандандыру және түнгі рейдтерді тұрақты өткізу;
  • Жастар ресурстық орталығына – жастарды мәдени, спорттық және еріктілік жобаларға тарту арқылы бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

Кеңес соңында аудан әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстар үнемі бақылауда болатынын айтып, тапсырмалардың орындалу барысы бойынша есеп ұсынылуы тиіс екенін ескертті.