Бәйдібек: Көктерек ауылдық округінің жаңа әкімі қызметіне кірісті

2025 жылғы 18 мамырда өткен сайлау қорытындысы бойынша Көктерек ауылдық округінің жаңа әкімі болып Тұрабеков Серік Үйісбекұлы сайланды. Бұл шешім Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының №17 қаулысы негізінде қабылданып, Серік Үйісбекұлы бүгіннен бастап қызметіне ресми түрде кірісті.
Жаңадан сайланған әкімді округ қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Қырықбаев таныстырды.
Серік Тұрабеков 1977 жылы 10 қаңтарда Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылында дүниеге келген. Ол Шымкент экономика және құқық колледжі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «Банк ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Туран банкінде бастаған ол түрлі салаларда қызмет атқарған. Оның ішінде несие ұйымдары мен әкімдік құрылымдарында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтаған.
Жиын барысында Бақыт Қырғызалиев жаңадан сайланған ауыл әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, Көктерек округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін нақты тапсырмалар жүктеді.