Бәйдібек: «Шаттыққа толы шаңырақ» сайысы жас отбасыларды бірлікке ұйыстырды

Бәйдібек ауданында жас отбасылар арасында татулық пен ұйымшылдықты арттыруға бағытталған «Шаттыққа толы шаңырақ» атты аудандық сайыс өтті. Іс-шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.
Сайыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Оразханұлы қатысушыларға жүрекжарды тілегін білдіріп, сәттілік тіледі. Ол жастар арасындағы отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, осындай шаралар қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға сеп болатынын айтты.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушы отбасылар өзара білім мен өнер, тапқырлық пен бірлікті ортаға салып, жан-жақты өнер көрсетті. Әр кезеңде қатысушылар отбасылық үйлесімділікті, ұлттық дәстүрлерге деген құрметті паш етті.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Барлық қатысушы жас отбасылар белсенділік танытып, ұйымшылдық үлгісін көрсетті.
Бұл бастама – отбасылық құндылықтарды дәріптеудің, жас отбасылар арасындағы байланысты нығайтудың жарқын үлгісі.