БӘЙДІБЕК: ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бәйдібек ауданында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов төрағалық етіп, тиісті мекеме басшылары, ауыл әкімдері, мектеп өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Комиссия отырысында бес негізгі мәселе қаралды: құқықбұзушылықтың алдын алу, психологиялық көмек, отбасылық құндылықтар, әлеуметтік осал топтарға қолдау және тәуекел тобына жататын балалармен жұмыс жүргізу.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Пернеев балалар құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталып, дін және зиялы қауым өкілдерімен бірлескен шаралар, сондай-ақ мектеп психологтарының кәсіби деңгейін арттыру жайын баяндады.

Аудандық полиция бөлімі өкілі Данияр Мамыров жасөспірімдер арасында жиі тіркелетін құқықбұзушылықтар мен алдын алу шаралары туралы айтты.

Ал аудандық аурухананың өкілі Батыр Айтуаров суицидтің алдын алу және дағдарыс жағдайындағы балаларға психологиялық, медициналық көмек көрсету бағытында мектептермен өзара жұмысты таныстырды.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров зорлық-зомбылықтың алдын алу, ақпараттық насихат жүргізу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бойынша атқарылған жұмыстармен бөлісті.

Соңғы баяндамада жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Сабиров әлеуметтік осал отбасылармен жүргізілген түсіндіру және қолдау шараларын таныстырды.

Жиын қорытындысында жасөспірімдермен жұмыс бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені атап өтіліп, бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасын табатыны жеткізілді.