Бәйдібектің өнері жарқырады: облыстық фестивальде жартылай финалға жолдама

Түркістанда өткен «Өнерлі Өлке» облыстық фестивалінің алғашқы кезеңінде Бәйдібек ауданының өнерпаздары айрықша өнерімен дараланып, жартылай финалға жолдама иеленді.
Бәйдібек пен Төлеби аудандарының шығармашылық ұжымдары тоғыз аталым бойынша бақ сынаған бұл өнер додасында көрермен ықыласы мен қазылардың жоғары бағасына ие болу – нағыз шеберліктің көрінісі.
Нәтижесінде Бәйдібектің өнер ұжымы 2 ұпай артықшылығымен жеңімпаз атанып, келесі кезеңге сенімді қадам басты. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев өнер иелеріне сәттілік тілеп, аудан абыройын асқақтатқан шығармашылық топқа ризашылығын білдірді.
Бұл жеңіс – тек өнер ұжымының ғана емес, бүкіл аудан тұрғындарының ортақ қуанышы. Фестивальде Қоғамдық кеңес, Ардагерлер кеңесі, аналар мен жастар, студенттер мен мұғалімдер белсенділік танытып, қолдау көрсеткен. Сол рух, сол бірлік – бәйдібектіктердің басты күші екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аудан әкімдігі жартылай финалға жолдама алған өнерпаздарға сәттілік тілей отырып, мәдениетті дамытуға үлес қосқан барлық жанашыр қауымға алғыс білдіреді.