«ФУРМАНОВ» АЙНАЛМА КАНАЛЫН ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

 

Созақ ауданында ауыл шаруашылығы мен экология саласы үшін маңызы зор «Фурманов» айналма каналының механикалық тазалау жұмыстары басталды. Ұзындығы 120 шақырымды құрайтын канал Мойынқұм ауданындағы Фурманов су торабынан бастау алады.

Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, арнайы құрылған жұмысшы топ техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету және жұмыс барысын үйлестірумен айналысуда. Бұл топтың құрамына Шу өзені бойындағы ауылдық округ әкімдері мен су шаруашылығы мамандары енген.

Тазалау жұмыстары нәтижесінде каналдың су өткізу қабілеті артып, секундына 45 м³ су өткізе алады. Сонымен қатар, Шу өзенінен су жеткізу процесі үздіксіз әрі тиімді жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту сапасы жақсарады. Жоба экологиялық мақсаттағы суды жеткізуді оңтайландыруға да оң ықпал етпек.