ХАЛЫҚ ӨТІНІШІ НӘТИЖЕСІН БЕРДІ: АРЫСТА 10 ОРЫНДЫҚ ОҢАЛТУ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛУҒА ДАЙЫН

Арыс қаласында медицина саласындағы маңызды жоба жүзеге асқалы отыр. Қала әкімі Қайсар Маңқараев орталық аурухана жанынан ашылатын 10 орындық заманауи оңалту бөлімшесінің дайындық жұмыстарын арнайы барып көрді.

Бұл бастама – өткен жылғы есептік кездесулер барысында тұрғындар тарапынан жиі көтерілген мәселенің нақты шешімі. Әсіресе жүйке жүйесі сырқаттары мен тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарды қалпына келтіру үшін арнайы орталық қажет екені айтылған болатын. Қала халқының осы ұсынысы ескеріліп, тиісті қаржы қарастырылып, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.

Қала басшысы нысанды аралау кезінде бөлімшеде орнатылған медициналық құрылғылармен танысып, емделушілерге жасалған жағдайды бағалады. Қазіргі уақытта барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтар жеткізіліп, науқастарды қабылдауға дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Мұнда білікті реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары және массаж мамандары қызмет атқарады.

Қайсар Маңқараев өз сөзінде тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті билік халықпен кері байланысты күшейтіп, нақты мәселелерді шешуге басымдық беріп келеді. Оңалту бөлімшесінің ашылуы – соның айқын дәлелі. Енді арыстықтар арнайы ем алу үшін өзге қалаға сабылмай, қажетті медициналық көмекті өз өңірінде қабылдай алады. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, науқастардың уақытылы оңалуына мүмкіндік береді.

Жаңа бөлімше жүйке жүйесі зақымданған және тірек-қимыл қызметі бұзылған пациенттерге арналған. Мұнда емдік дене жаттығулары, физиотерапиялық шаралар мен кәсіби массаж арқылы науқастардың қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінеді. Қолданысқа енгізілген жаңа технологиялар оңалту үдерісін тиімді ұйымдастыруға жол ашады.

Жақын күндері орталық алғашқы емделушілерін қабылдай бастайды. Бұл жоба Арыс қаласындағы денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ.