ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАЛУАНДАР 15 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАЛУАНДАР 15 МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ,-ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ ПРЕССА24.КЗ.

Спорт – жас ұрпақтың дене дайындығын қалыптастырып қана қоймай, олардың мінез-құлқын, рухани болмысын шыңдайтын маңызды тәрбие құралы. Ол жастарды төзімділікке, табандылыққа, өзара сыйластық пен достық қарым-қатынасқа баулып, алға қойған мақсаттарына жетуге жігерлендіреді. Осы бағытта соңғы жылдары Жетісай ауданында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданда жаңа спорт кешендері мен алаңшалар салынып, тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасалуда.

Осы жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай «Елім менің – Қазақстан» ұранымен еркін күрестен Халықаралық турнир ұйымдастырылды. Турнир аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Ой қамшы» әдеби-тарихи білім жобасының бастамасымен, Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігі арқылы өтті. Байрақты бәсекеде Жетісай ауданының жасөспірім балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 15 медаль жеңіп алды.

Ауқымды спорттық додаға көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларынан, сондай-ақ еліміздің барлық облыстарынан 32 команда құрамында 500-ге жуық балуан қатысты. Жарыс 17 салмақ дәрежесі бойынша өткізіліп, жас спортшылар боз кілемде өзара мықтыны анықтады.

Турнирдің ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, спорт жанашыры Құнанбай қажы Мұсаев бастаған ел ағалары, сондай-ақ Мақтаарал аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.

Жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту, жаңа таланттарды анықтау және бұқаралық спортты дамыту болды. Осы мақсатта өткен турнирге арнайы қонақ ретінде еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегері, өзбекстандық Ихтиер Наврузов қатысты.

Құрметті қонақтар боз кілемде ерекше шеберлік көрсетіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген балуандар мен олардың бапкерлерін арнайы медальдармен, аудан әкімінің дипломдарымен, чемпиондық белбеулермен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан ұйымдастырушыларға ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттары табысталды.

2011–2013 және 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте Қырғызстан құрамасы 2 алтын және 3 қола медальмен ІІІ орынға ие болды. Өзбекстан командасы 4 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль еншілеп, ІІ орынды қанағат тұтты. Ал боз кілемде ерекше белсенділік танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсеткен қазақстандық балуандар 12 алтын, 13 күміс және 26 қола медальмен жалпы командалық есепте көш бастады. Оның ішінде Жетісай ауданының жасөспірім спортшылары 6 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатты.

Айта кету керек, турнир аясында ұйымдастырушылар тарапынан өмірден өткен ата-баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. Елдің ынтымағы мен тыныштығын тілеген ақсақалдар жас спортшыларға ақ баталарын беріп, бірлік пен елжандылыққа үндейтін өнегелі әңгімелер айтты.

Бұл халықаралық турнир Жетісай ауданында спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетіп қана қоймай, жас балуандардың тәжірибе жинақтауына, халықаралық деңгейде шыңдалуына зор мүмкіндік берді. Осындай жарыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел спортының дамуына және дарынды жастардың қалыптасуына серпін беретіні сөзсіз.