Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлердің даму барысын Таразда өткен кеңесте талқылады

Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлердің даму барысын Таразда өткен кеңесте талқылады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Тараз қаласында еліміздің оңтүстік өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңес өткізді. Кеңеске Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының әкімдері, сондай-ақ ұлттық экономика және қаржы вице-министрлері қатысты.
Жиында өңірлік стандарттар жүйесі мен жаңа Бюджет кодексі негізінде бюджеттік жоспарлаудың жаңа талаптары таныстырылды. 2024 жылғы көрсеткіштерге сәйкес, Шымкент қаласы 87,9%-бен 2-орында тұр. Жамбыл – 74,1%, Қызылорда – 66,8%, Түркістан – 66,3% нәтижемен республикалық орташа деңгейден жоғары көрсеткішке жеткен.
Вице-премьер өңірлерде экономиканың негізгі қозғаушы күштері – ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнестің дамуына тоқталып, инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлауда өңірлік стандарттар көрсеткішін ескеру қажеттігін баса айтты. Әсіресе артта қалған елді мекендерді басым тәртіппен қаржыландыру тапсырылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Жамбыл облысында – 10 мың, Қызылордада – 8 мың, Түркістан облысында – 23 мың жұмыс орнын құруды көздейтін жобалар ұсынылған. Олардың іске асырылуын жеделдету, қосымша қаржыландыру жолдарын қарастыру міндеті қойылды.
Сапар аясында Қанат Бозымбаев Қазақ ұлттық су шаруашылығы және мелиорация университетінде оқытушылармен кездесіп, Тараз қаласындағы жаңа шағынаудандағы тұрғын үйлер құрылысы мен Түйте каналы жағалауындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты.