«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ»: ШАҒЫН ИДЕЯДАН ЕЛДІК МАҢЫЗЫ БАР ЖОБАҒА ДЕЙІНГІ ҚАДАМ

Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың қаржылық тұрақтылығын арттыру, борыштық жүктемені азайту және жауапты қаржы мәдениетін қалыптастыру болып отыр. Осы бағытта жүйелі түрде іске асырылған бағдарламалардың ішінде «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы ерекше орын алады. Бастапқыда партиялық деңгейдегі шағын жоба ретінде басталған бастама бүгінде ауқымды мемлекеттік бағдарламаға айналып, еліміздің барлық аймағында нақты нәтижелер беріп келеді.

Аталған жобаның қорытындысы арнайы ұйымдастырылған жиында талқыланды. Оған республика бойынша аймақтық филиалдар бейнебайланыс арқылы қатысты. Түркістан облысы да бұл талқылаудан тыс қалған жоқ. Облыстық филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева мен облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасары Нагима Нұрманова өңірдегі атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Үш жыл бұрын басталған бұл бағдарлама халықтың қаржылық сауатын арттыруды және азаматтардың несиеге тәуелділігін азайтуды негізгі мақсат етіп қойған еді. Бұған дейін қаржы ұйымдары, банктер және мемлекеттік органдар әрқайсысы өз бағытында жұмыс істеп келген болса, жоба осы құрылымдарды бір алаңға тоғыстырып, тұрғындарға жүйелі, нақты және қолжетімді көмек көрсету форматын қалыптастырды. Нәтижесінде тек биылдың өзінде 860 мыңға жуық азамат оқудан өтіп, кәсіби кеңес алған.

Жиын барысында Мәжіліс Спикері және партия Төрағасы Ерлан Қошанов жобаның маңызына тоқталып, оның ел азаматтары үшін әлеуметтік тірекке айналғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама партиялық деңгейден шығып, мемлекеттік қолдауға ие болды. Әр адамның артында тұтас отбасының тағдыры тұратынын айтқан Төраға жобаға атсалысқан мамандарға алғыс білдірді.

Қазіргі таңда «Қарызсыз қоғам» жобасы тек қаржы сауаттылығын арттырумен шектелмейді. Ол көптеген бағытты біріктірген кең ауқымды көмек жүйесіне айналды. Партия жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін республикалық колл-орталық іске қосылды. Мұнда 180 заңгер күн сайын 5 мыңға жуық өтінішті қабылдап, азаматтарға құқықтық және қаржылық кеңес береді. Сонымен қатар qogamfin.kz цифрлық платформасы әзірленіп, WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде жасанды интеллект жүйесі негізінде құрылған арнайы боттар іске қосылған.

Биылдан бастап шалғайдағы ауыл тұрғындарына қолжетімділікті арттыру үшін мобильді топтар жұмыс істей бастады. Олар елді мекендерге барып, қиын жағдайға тап болған адамдарға тікелей кеңес береді, қажетті құжаттарды дайындауға көмектеседі. Бұл топтардың жұмысы көптеген азамат үшін уақыт үнемдеп қана қоймай, мәселенің тиімді шешілуіне мүмкіндік туғызды.

Жоба аясында көмек алушыларға тек құқықтық кеңес емес, психологиялық қолдау да көрсетіледі. Себебі несие мен қарыз мәселелерінің көбісі тек экономикалық емес, әлеуметтік және психологиялық факторлармен де байланысты. Мамандар азаматтарға борыштық жүктемеден шығу жолдарын түсіндіріп қана қоймай, қаржылық тұрақтылыққа оралуға көмектесетін дағдыларды үйретеді. Берешекті қайта құрылымдау, төлем кестесін жеңілдету, бұғатталған шоттарды ашу, жұмыспен қамтуға бағыттау сияқты кешенді шаралар көптеген отбасының жағдайын жеңілдетті.

Жоба тек әлеуметтік қолдаумен шектелмей, жаңа серіктестіктер құру арқылы да дами бастады. Биыл Яндекс, Найми.кз секілді ірі платформалармен әріптестік орнатылды. Бұл бағыт негізінен платформалық жұмыспен қамту саласында қызмет ететін азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Такси жүргізушілері мен жеткізу қызметі мамандары арасында борыштық жүктеме мәселесі жиі кездесетіндіктен, оларға арналған арнайы көмек форматы қалыптастырылды. Осы санаттағы 95 мыңға жуық азамат жобаға жүгінген.

Жоғары оқу орындарының заң клиникалары да жобаға белсенді қосылып жатыр. Заң факультеттерінің жоғары курс студенттері оқытушылардың жетекшілігімен азаматтарға кеңес беруге қатысып, құжаттар дайындауда тәжірибе жинақтауда. Бұл жүйе жас мамандар үшін практика алаңы болса, тұрғындар үшін тегін қолжетімді көмек көзіне айналды.

Жиын барысында заңнамалық өзгерістер де сөз болды. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары борыштық дағдарыстың алдын алу бағытында кешенді заңдарды қабылдауға бастамашы болды. Соның ішінде:
несиенің 90 күннен астам кешіктірілген азаматтарға жаңа қарыз беруге тыйым салу;
банк қарыздарын рәсімдеу кезінде жұбайының келісімін алу шарты;
несие рәсімдегеннен кейін 24 сағат ішінде бас тартуға мүмкіндік беретін «суыту мерзімі» нормасы.

Жуырда жаңа қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» заң да азаматтардың құқықтарын қорғайтын қосымша нормаларды қамтыды. Енді банктер бірнеше кредитті қатар рәсімдеуді шектеп, қарыздың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруге міндетті. Сондай-ақ проблемалық берешектерді сотқа жеткізбей шешу жолдары кеңейтілді және қарыздарды коллекторларға сатуға мораторий мерзімі ұзартылды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жоба мемлекет пен партияның бірлескен жұмысының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жол картасы мен цифрлық сервистер арқылы отбасылардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға нақты мүмкіндік жасалды.

Жиында сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және жоба амбассадоры Дәулет Мұқаев өз пікірлерін айтты.

Бейнеконференцияға барлық облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкім орынбасарлары, менторлар, заң клиникаларының өкілдері мен жобаны жүзеге асырып жүрген мамандар қатысты.

Кездесу соңында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асырып жүрген азаматтарға партиялық марапаттар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Түркістан облысында да осы жоба қарқынды дамуда. Биылдың өзінде өңірде 8 мыңнан астам тұрғын арнайы оқыту курстарынан өтіп, қаржылық сауаттылығын арттырды. Жоба облыс бойынша әрі қарай да үздіксіз жалғастырылмақ.