Қазақстан Кореяға өз азаматтарын бақылау үшін полиция өкілін жібермек

Қазақстан Республикасындағы көші-қон мәселесіне байланысты бақылау күшейтілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ведомство дерегінше, Қазақстан Республикасының Кореядағы елшілігі жанынан арнайы полиция атташесін тағайындау жоспарланып отыр. Оның негізгі міндеті – Корея аумағында жүрген қазақстандық азаматтардың құқықтық жағдайын бақылау, заңсыз көші-қонның және рұқсатсыз еңбек қызметінің алдын алу болмақ.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы жылдары қазақстандықтардың Кореяда уақытша немесе заңсыз жұмыс істеу жағдайлары жиілеген. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және құқықтық мәселелер туындатып отыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, полиция атташесінің қызметі қазақстандықтардың құқықтарын қорғаумен қатар, екі ел арасындағы еңбек миграциясы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да бағытталады.
Мамандардың пікірінше, мұндай қадам Кореяда заңсыз жүрген азаматтардың санын азайтып, еңбек көші-қонын ресми арнаға түсіруге ықпал етуі тиіс.





