Қазығұрт әкімі тұрғындарды қабылдады: Әр өтініш – басты назарда

Қазығұрт ауданында азаматтарды жеке қабылдау күні өтті. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов тұрғындармен ашық диалог орнатып, көтерілген мәселелерге құлақ түрді. Тікелей қабылдау – халықтың мұң-мұқтажын жергілікті билікке жеткізудің тиімді жолы екені тағы бір дәлелденді.

Қабылдауға келген азаматтар негізінен ауылішілік жолдардың жай-күйі, ауыз су тапшылығы, жарық желісінің тозуы, суармалы жерлер мен егістік алқаптарын пайдалану мәселелерін көтерді. Әкім барлық өтінішті мұқият тыңдап, әрбір мәселенің мән-жайы толық зерделеніп, заң аясында шешім қабылданатынын жеткізді.

Сондай-ақ жауапты бөлім басшылары мен мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс нәтижесі әкімнің жеке бақылауында болатыны айтылды.

Мұндай қабылдаулар Қазығұрт ауданында бекітілген кестеге сай тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл – әкімдік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.