ҚАЗЫҒҰРТ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АРТЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Қазығұрт» индустриалды аймағында жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын сегіз жоба жүзеге асырылуда. Бұл өндірістік бастамалар нәтижесінде 249 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 2,2 млрд теңгеге бағаланатын төрт жоба іске қосылып, 123 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков индустриалды аймақтағы жобалармен танысып, инвестиция тарту және құрылысты қарқынды жүргізу мәселелерін пысықтады.

Аймақтың әлеуетін арттыратын ірі жобалардың бірі – «Билол» ЖК жүзеге асырып жатқан болат шарлар өндіретін зауыт. Жоба жылына 5000-6000 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Құрылыстың 80%-ы аяқталып, құрылғылар орнатылып жатыр.

Мамыр айында тағы екі жоба құрылысы басталды. «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз және полиуретанды көбік өндірісін қолға алса, «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдейтін полиэтилен құбырларын шығаруға арналған зауыт құрылысын жүргізуде. Соңғысының құны – 1,2 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 10 мың тонна.

«Сапа 2002» ЖШС 150 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару жүйесін енгізу жұмысын бастады. Ал «Көрік ШҚ» ЖШС 2018 жылдан бері табиғи шырынды сусындар өндірісімен айналысып келеді. Оның жылдық қуаттылығы – 1 мың тонна.

Сондай-ақ, 2019 жылы іске қосылған «CG Foods Central Asia» ЖШС тез әзірленетін тағамдар өндірісімен Қазақстан нарығын қамтып қана қоймай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне де экспорт жасайды. Мұнда 100 адам жұмыс істейді.

Индустриалды аймақта бұдан бөлек ауыз су және капсула өндіретін автоматтандырылған жүйе іске қосылып, «Сабит» шаруа қожалығы «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ жіберіп, балық шаруашылығын дамытып отыр.