ҚАЗЫҒҰРТ: ЖАҢАБАЗАР АУЫЛЫ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен Жаңабазар ауыл округіне барып, елді мекендердің әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралады. Аудан басшысы сапар барысында ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына тікелей ықпал ететін бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысына көз жеткізді.

Алдымен әкім Жаңаталап елді мекенінен өтетін аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы Суықбұлақ өзенінің үстінен салынған су өткелінде жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аталған өткел – көлік қозғалысы үзілмей, ауыл мен аудан орталығы арасындағы қатынастың қалыпты жүруін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар нысан. Бұрын көктемгі су тасқыны кезінде бұл өткелде жүру қауіпті болатын. Енді жөндеу жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар үшін жол қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарды.

Сондай-ақ, Азизхан Исмаилов Жылыбұлақ елді мекенінде жаңадан салынған жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен танысты. Ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын Қалдыбайұлы көшесіндегі тротуар ауыл тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұруға жағдай жасайды. Әсіресе мектеп оқушылары мен қарт адамдар үшін мұндай жолдың пайдасы зор.

Аудан басшысы атқарылған жұмыстардың сапасына назар аударып, мердігер мекемелерге тұрғындар игілігіне арналған нысандарды уақытылы әрі талапқа сай пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті.

Жаңабазар ауылдық округінде жүзеге асқан бұл жобалар – Қазығұрт ауданында соңғы жылдары қолға алынған кешенді инфрақұрылымдық саясаттың бір бөлігі. Мұндай игілікті істер ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.