ҚАЗЫҒҰРТ: ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫН АЗАЙТУ БОЙЫНША АРНАЙЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында арнайы кеңейтілген кездесу ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі, топ басшысы Тұрсынбаев Ербол Асқарбекұлы жетекшілік етті. Кездесуге аудан әкімдігінің аппаратының қызметкерлері, құқық қорғау органдары, аумақтық мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары, сондай-ақ ауыл округтері әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауына сәйкес ұйымдастырылды. Жолдауда Президент жол қауіпсіздігін қоғам үшін аса маңызды мәселе деп атап, көлік апаттарының көбеюі жолында құқық қорғау органдарының жұмысына жаңа талаптар қойды және азаматтарды жолда жауапкершілікті арттыруға шақырды.
Кездесу барысында аудан аумағындағы жол-көлік оқиғаларының статистикасы, олардың себептері және жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы ұсыныстар жан-жақты қаралды. Аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Бексұлтан Бекжанұлы, аудан прокуратурасының прокуроры Еркебұлан Нұрланұлы және аудандық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Тұрдалы Қуанышбайұлы өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жолдағы проблемалық бағыттар жөнінде баяндама жасады.
Баяндамашылар жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жол инфрақұрылымын жаңарту, көше бойына қажетті жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілерге қауіпсіз жағдай жасау, сондай-ақ жылдамдықты бақылауға арналған бейнебақылау камераларын көбейту сияқты шаралардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар жол бойындағы қауіпті учаскелерді анықтап, оларды қатаң бақылауға алу қажеттігі, жол белгілерін және жол жарықтандыруын жаңарту жөніндегі жобаларды уақытылы орындау мәселелері көтерілді.
Кездесу қорытындысында Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Тұрсынбаев Ербол Асқарбекұлы жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде күшейтуді, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алуды және инфрақұрылымдық жетіспеушіліктерді жою бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындар арасында жол ережесін сақтау мәдениетін қалыптастыру және жолдағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдары жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді іс-шараларды тұрақты жүргізетінін және тұрғындар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты мақсат ретінде белгілейтінін жеткізді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, бақылау және профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.





