ҚАЗЫҒҰРТТА БІЛІМ САПАСЫН ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

 

Қазығұрт ауданында білім беру жүйесін дамыту мен оқыту сапасын көтеруге арналған маңызды жұмыс жиыны өтті. Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдыкөзұлы ауданға арнайы іссапармен келіп, саладағы өзекті мәселелерді жергілікті басшылықпен және педагогикалық қауыммен бірге талқылады. Сапар аясында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлымен бірлесіп, алдымен оқушылардың инновациялық жобалары мен шығармашылық бастамалары ұсынылған көрмені тамашалады. Бұл көрме аудан мектептеріндегі ізденіс пен жаңашылдықтың бар екенін көрсетті.

Одан кейін ауданның білім беру ұйымдары басшылары мен жауапты мамандары қатысқан кеңейтілген алқалы жиын ұйымдастырылды. Кездесу барысында 2025–2026 оқу жылының алғашқы екі тоқсанында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, білім сапасын арттыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер ашық айтылды. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігі, мектептердегі тәрбие мен білім беру ортасының қолайлылығы негізгі басым бағыт ретінде қаралды.

Жиында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды. Аудандағы 83 балабақшаға заманауи Face-ID биометриялық жүйелердің орнатылуы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы нақты қадам екені айтылды. Ал орта білім беру ұйымдарында цифрлық бақылау, бейнеқадағалау және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.

Бүгінде Қазығұрт ауданында 79 мектеп жұмыс істеп, оларда 31 911 оқушы білім алады. Сонымен қатар, білім саласында 4 286 педагог қызмет атқарып келеді. Кеңесте педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен мектепішілік басқару жүйесінің тиімділігі білім сапасына тікелей әсер ететіні баса айтылды. Осыған байланысты мұғалімдердің біліктілігін арттыру, әдістемелік қолдауды күшейту және әрбір білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігін нақтылау қажеттігі көтерілді.

Халықаралық PISA және ұлттық МОДО зерттеулерінің нәтижелері де жан-жақты талқыланды. Аталған бағалау көрсеткіштері бойынша төмен нәтиже көрсеткен мектеп директорларына нақты тапсырмалар жүктеліп, білім сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жоспарлар әзірлеу міндеттелді. Бұл жұмыстар формалды есеп үшін емес, нақты нәтиже беретін өзгерістерге бағытталуы тиіс екені ескертілді.

Жиын соңында сала мамандары мен педагогтер өз ұсыныстарын ортаға салып, оқыту процесін жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Көтерілген сұрақтарға жауапты басшылар тарапынан түсіндірмелер беріліп, бірқатар ұсыныстар назарға алынды.

Түркістан облысының білім басқармасы алдағы кезеңде де Қазығұрт ауданындағы білім беру сапасын арттыруды стратегиялық міндет ретінде қарастырып, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға, сондай-ақ оқушылар үшін қауіпсіз әрі заман талабына сай білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.