Қазығұртта экологиялық тазалыққа үлес қосқан сенбілік өтті

 

Қазығұрт ауданында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында кең көлемде экологиялық сенбілік өтті. «Бәріміз бірге – таза орта үшін» атауымен ұйымдастырылған шараға барлық ауылдық округтер мен мекемелердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары, сондай-ақ жастар белсенді түрде атсалысты.

Сенбілік барысында елді мекендердегі көшелер, мекемелер мен қоғамдық аумақтар тазартылып, өзен-көл маңайларындағы қоқыстар жиналды. Қосымша ретінде ағаш түптерін әктеу, шөп шабу, қураған бұталарды кесу, көшеттерді суару, ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандардың сыртын бояу сияқты көріктендіру жұмыстары жүргізілді.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік жұмыстары өткен бірқатар аумақтарды аралап шығып, тазалықты жүйелі түрде сақтау және жасыл желектерге күтім жасауды тапсырды.

Мұндай экологиялық бастамалар – қоршаған ортаға деген ұқыпты көзқарасты қалыптастырып, келешек ұрпаққа таза әрі қолайлы өмір сүру кеңістігін қалдыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.