Қазығұртта Полиция күні аталып өтті: Тыныштық пен тұрақтылық сақшыларына құрмет көрсетілді

Қазығұртта Полиция күні аталып өтті: Тыныштық пен тұрақтылық сақшыларына құрмет көрсетілді

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде тәртіп сақшыларының қоғамдағы бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне ерекше тоқталып, олардың күнделікті жанқиярлық еңбегі үшін алғыс білдірді.

— Полиция қызметкерлері – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте жүрген жандар. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында халық тыныш өмір сүруде, — деді әкім.

Салтанатты жиын барысында қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген бірқатар полиция қызметкері алғыс хаттармен марапатталды. Мерекелік шара патриоттық әндерден құралған концертпен жалғасып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қазақстан полициясы күні – ішкі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын ұлықтайтын күн ретінде жыл сайын кең көлемде аталып өтеді.