Қазығұртта соңғы қоңырау: «Мектебім саған мың алғыс» салтанаты өтті

Қазығұрт ауданында соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Жаңабазар ауылдық округіне қарасты Жаңаталап елді мекеніндегі Әбдікерім Бектаев атындағы жалпы білім беретін мектепте өткен «Мектебім саған мың алғыс» атты шараға арнайы қатысып, түлектерге сәт-сапар тілеп, ұстаздарға алғысын білдірді.
«Қай жолды таңдасаңыздар да, адал болыңыздар. Білім – болашақтың кілті. Ұстаздарыңызды ұмытпай, олардың сенімін ақтаңыздар», – деді аудан басшысы.
Шара барысында әкім мектеп жанынан ашылған шахмат, робототехника және ғылыми үйірмелердің жұмысымен танысты. Оқушылардың жетістігіне жоғары баға беріп, осындай үйірмелер санын арттыруды тапсырды.
«Мұндай үйірмелер техникалық сауаттылық пен ойлау қабілетін дамытуда маңызды. Болашақ мамандықты таңдауға жол ашады», – деді Азизхан Исмаилов.
Әбдікерім Бектаев мектебі — сапалы білім мен тәрбиені ұштастырған үлгілі оқу орны. Мектеп ұжымы заманауи талаптарға сай білікті ұрпақ тәрбиелеуде.
🔹 2024–2025 оқу жылы қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданында 1892 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Оның ішінде 106 оқушы «Алтын белгіге», 134 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл – мұғалімдердің қажырлы еңбегінің жемісі.
Сондай-ақ аудан мектептерінде бірыңғай «Білімім – Отаныма» атты сынып сағаттары өтіп, оқушылар жыл бойғы білімін қорытындылады. Салтанат білімге құрмет пен болашаққа сенім сездей сыйлады.