ҚАЗЫҒҰРТТА ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ: ӘР ӨТІНІШ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс кестесіне сәйкес аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары және ауыл округтерінің әкімдері қатысты.
Қабылдау барысында Қазығұрт, Шарбұлақ, Қызылқия және Сабыр Рақымов ауыл округтерінің тұрғындары өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, су тасқынының алдын алу үшін канал қазу, жол инфрақұрылымын жөндеу, тозған лотоктарды ауыстыру, әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіпкерлік нысандарға қатысты түйткілдер, елді мекендерді газдандыру, сондай-ақ мал бордақылау алаңын салуға жер телімін бөлу мәселелері айтылды.
Аудан әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме берді. Көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі қарау үшін жауапты бөлімдер мен ауыл округтері әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, қабылдау кезінде коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту және ауылдық елді мекендердің инженерлік желілерін дамыту мәселелері де қозғалды. Бұл бағыттар бойынша тиісті бөлімдерге ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Аудан басшысы тұрғындармен кері байланысты күшейтудің маңыздылығына тоқталып, әрбір өтініштің орындалу барысы жүйелі түрде бақылауда болатынын атап өтті. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің созбалаңға салынуына жол берілмейтіні ескертілді.
Қабылдау қорытындысында жауапты сала жетекшілеріне нақты мерзімдер белгіленіп, атқарылған жұмыстар жөнінде кезең-кезеңімен есеп беру міндеттелді. Бұл шаралар тұрғындардың сенімін арттырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.





