Қазығұртта жалпы аудандық сенбілік өтті

Қазығұрт ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтерде бір мезетте өтіп, тұрғындардың кең ауқымды қатысуымен ерекшеленді.
Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлермен бірге білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мамандары, сондай-ақ белсенді жастар мен ауыл тұрғындары атсалысты. Қоғамдық ұйымдар мен мектеп ұжымдары да өз үлестерін қосып, елді мекендердің тазалығына мән берді.
Жалпы сенбілік барысында көшелер мен аулалар тазартылып, саябақтар мен қоғамдық орындар қоқыстан арылды. Арық-атыздардағы су жүретін арналар тазаланып, көгал аймақтары ретке келтірілді. Арнайы коммуналдық техниканың көмегімен тұрмыстық және құрылыс қалдықтары белгіленген полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, кейбір ауылдарда ағаш отырғызу жұмыстары да қатар жүргізілді.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай сенбіліктер тек экологиялық ахуалды жақсарту үшін ғана емес, тұрғындар арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда да маңызды рөл атқарады. Ортақ іске жұмылған халық өз туған жерінің тазалығы мен көркейуіне үлес қосып, ұрпаққа үлгі болуда.
– Табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – баршамыздың міндетіміз. Бүгінгі сенбілік – әрбір тұрғынның туған жеріне деген сүйіспеншілігінің нақты көрінісі, – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатыны белгілі болды.
Автор: Бердалы Ораз





