Қазығұртта жаңа агроиндустриалды аймақ құрылып, жүздеген жұмыс орны ашылады

Қазығұртта жаңа агроиндустриалды аймақ құрылып, жүздеген жұмыс орны ашылады,деп жазады Пресса24 тілшісі.
Қазығұрт ауданында жылыжай кешендерін дамытуға бағытталған жаңа агроиндустриалды аймақ құрылмақ. Тұрбат ауылында іске асатын бұл ауқымды жобаның жалпы аумағы 60 гектарды құрайды. Құны 3,8 млрд теңгеге бағаланған бастама аясында жүздеген жылыжай салынып, 416 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Аудан басшысы Азизхан Исмаиловтың мәлімдеуінше, жаңа аймақ агроөнеркәсіптік сектордың қуатын арттырып, өңірдегі жылыжай шаруашылығына тың серпін бермек. Бұл – биыл өңірде жоспарланған 21,5 млрд теңгенің 24 ірі жобасының бірі ғана. Жалпы, аталған жобалар іске асқанда 749 тұрғынға жаңа жұмыс орындары ашылады.
Экономикамен қатар, Қазығұртта инфрақұрылым жүйелері де қарқын алып келеді. Биылғы бес айда ауданның жалпы өңірлік өнімі 42,3 млрд теңгені құраса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 134,4 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Ауыз суға қолжетімділік 98,3%-ға жеткен, жыл соңына дейін толықтай шешімін таппақ. Табиғи газбен қамту деңгейі 90,1%, электр қуатымен — 98,4%.
Цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында да жұмыстар басталған. Қазығұрт, Қызылқия және Рабат ауылдарында «Comdata» ЖШС талшықты-оптикалық интернет желісін тартуды қолға алған. Нәтижесінде, мыңдаған тұрғын жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқынды. 2024 жылы ауданда төрт мектеп пайдалануға берілді, биыл тағы үш білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласында өткен жылы бес жаңа нысан іске қосылса, алдағы жылы тағы төртеуі пайдалануға берілмек.
Қазығұрттағы бұл кешенді жобалар ауданның өндірістік әлеуетін көтеріп қана қоймай, ауыл өмірінің сапасын жаңа деңгейге шығарады.





