КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАҢА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының Келес ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа білім ордасы ашылды. №65 жалпы орта мектептің салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу орнымен құттықтады.
Әкім өз сөзінде бұл жобаның ел болашағына салынған ірі инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, республика көлемінде салынуы жоспарланған 217 мектептің 29-ы Түркістан облысында бой көтеруде. Өткен жылы 13 мектеп іске қосылса, биылғы жылы тағы 16 нысанның құрылысы аяқталуда. Ал Келес ауданында бұл — осымен үшінші «Келешек мектебі».
Жаңа мектеп заман талабына сай салынған. Мұнда спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, заманауи пән кабинеттері мен шеберханалар, коворкинг және демалыс алаңдары бар. Сондай-ақ оқушылардың дене шынықтырумен айналысуына арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.
Жиынға қатысқан ата-аналар мен тұрғындар мектеп ғимаратының кеңдігі мен көркем безендірілуіне ризашылық білдірді. Нұралхан Көшеров жас ұрпаққа сапалы білім алып, ел игілігі үшін қызмет етуге тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында 29 «Келешек мектебінің» құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы 13 нысан пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін тағы бес жаңа мектептің ашылуы жоспарланып отыр.





