КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАҢА РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Келес ауданының Абай ауылында жаңа Рәміздер алаңы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ел бірлігі мен Тәуелсіздіктің нышаны саналатын бұл нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы, зиялы қауым мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шара Мемлекеттік Ту көтерілуімен және Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалуымен басталды. Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев өз құттықтау сөзінде Республика күнінің ел еркіндігі мен тұтастығын айқындайтын мереке екенін атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздер — тәуелсіздігіміздің айғағы, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Көк байрағымыз желбіреген сайын халқымыздың рухы да биіктей береді», — деді ол.
Жалпы аумағы 6 800 шаршы метр болатын жаңа Рәміздер алаңында 20 метрлік Ту тұғыры орнатылған. Бұл нысан аудан келбетіне көрік беріп, тұрғындар үшін мақтаныш пен патриоттық рухтың орталығына айналмақ.
Іс-шара соңында мәдениет үйі өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, мерекелік концерт ұйымдастырды. Тұрғындар игі бастаманы қуана қарсы алып, ауданның жаңару мен бірлікке бағытталған қадамдарын жоғары бағалады.





