Келес ауданындағы Қосөткелге таза ауыз су жетті

Түркістан облысының Келес ауданында инфрақұрылым сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған игі істер аясында халықтың тұрмысын жақсарту — басты назарда. Соның нақты дәлелі — Бірлік ауылдық округіне қарасты Қосөткел елді мекенінің сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілуі.

Ауыз су тапшылығы ұзақ жылдар бойы тұрғындарды алаңдатып келген мәселе еді. Қазір бұл түйткіл түбегейлі шешімін тауып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен «Эска Строй Проект» мекемесі тереңдігі 1000 метрге жететін ұңғыма қазып, ауылға таза жер асты суын жеткізді. Су көзінен шыққан тіршілік нәрі арнайы «Омега» фильтрациялық құрылғы арқылы тазартылады. Бұл — тұрғындарға үздіксіз әрі қауіпсіз ауыз су берудің тиімді шешімі болды.

Тек Қосөткел емес, көршілес Жаңатіршілік пен Бірлік ауылдарында да ауыз су жүйелері жаңартылып жатыр. Жаңатіршілікте судың сапасын арттыру мақсатында қосымша тұнытқыш резервуар орнату жоспарланған. Бұған қоса, жаңа ұңғыма қазуға қатысты ұсыныс облыстық деңгейде қаралуда. Ал Үшағаш ауылында су сүзгі құрылғысын орнату 2025 жылдың жоспарына енгізілді.

Қосөткелге келсек, республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржы нәтижесінде құрылыс жұмыстары осы жылы басталды. Бұл – елді мекендерге инфрақұрылым тартудағы кешенді тәсілдің көрінісі. Ауыл тұрғындары енді тіршілік нәрін алаңсыз тұтына алады.