Жексенбі, 8 Маусым

Келес қарбызы ерте пісіп, нарыққа шықты

 

Келес ауданына қарасты Бозай ауылдық округінің Тартоғай елді мекенінде биылғы қарбыз маусымы ерте басталды. Жеке кәсіпкер Жүсіпбек Әшірбеков басқаратын “Жүсіпбек” шаруа қожалығы 25 гектар суармалы алқапқа еккен қарбызын нарыққа шығаруға кірісті.

Қарбыздар заманауи агротехнология, оның ішінде тамшылатып суару әдісінің көмегімен бір апта бұрын пісті. Бұл әдіс суды үнемдеумен қатар, өнім сапасы мен түсімін арттырған. Қарбыздардың орташа салмағы – 10 келі, кейбірі 15 келіге дейін жетеді. Қазіргі уақытта өнім жергілікті базарларда келісіне 200 теңгеден сатылуда.

Шаруа маусымдық жұмыстарға ауыл тұрғындарын да кеңінен тартып отыр. Қожалықта күніне 40-қа жуық адам еңбек етуде. Бұл – ауыл жұрты үшін қосымша табыс көзі, кәсіпкер үшін еңбек өнімділігін арттырудың тиімді жолы.

Биыл егістікті зиянкестерден қорғау бағытында да жүйелі жұмыс атқарылған. Ауыл әкімдігінің қолдауымен шегірткеге қарсы залалсыздандыру уақтылы жүргізіліп, алқап сақталып қалды.

– Жүйелі қолдау мен бірлескен еңбектің арқасында бүгінгі нәтижеге жетіп отырмыз. Бұл – бүкіл Тартоғай халқының қуанышы, – дейді кәсіпкер Жүсіпбек Әшірбеков.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 22 871 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, өнім көлемі 70,1 миллиард теңгені құраған. Биылғы жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 7,6 миллиард теңгеге жетті. Сонымен бірге, былтыр 1 300 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесі енгізілсе, биыл тағы 1 139 гектарға ендіру жоспарланып отыр.