Кибералаяқтық бақылауда: Түркістанда өткен форум мыңдаған адамды біріктірді

Түркістан облысында «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» атты республикалық форум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға 1000-нан астам адам қатысты. Форум Түркістан облысы Полиция департаменті мен облыс прокуратурасының бастамасымен өтті.
Іс-шарада алдымен ІТ-жабдықтар мен робототехника көрмесі ұсынылса, кейін алаяқтардың әрекетін сахна арқылы бейнелеген театрландырылған қойылым қойылды. Бұл қойылымдар азаматтардың алаяқтарға алданбауына үндеу тастауды көздеді. Форумда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов пен облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев өңірдегі алаяқтықпен күрес шаралары туралы баяндады.
ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жетекшісі Ерболат Балғабаев, «CYBERLABS» ЖШС өкілі Әділет Хамзин мен «Digital road» IT қауымдастығының мүшесі Сейдулла Исмаилов форум қатысушыларына алаяқтықтың алдын алу тәсілдері мен тың мәліметтер ұсынды.
Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері 113 интернет-алаяқтық дерегі анықталып, сотқа жіберілген. 3 қылмыстық топ құрықталып, 38 эпизодқа қатысы дәлелденіп, жәбірленушілерге 269 млн теңге қайтарылған. Бұдан бөлек, 13 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталып, 200-ден астам қылмыстық эпизод анықталған.
Профилактикалық жұмыс аясында Халықаралық Қазақ-Түрік университетімен жасалған меморандум негізінде студенттер мен полиция қызметкерлері бірлесіп, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 2000-нан астам құқыққа қайшы контентті бұғаттаған.
Форум соңында елге белгілі әнші Еркін Нұржанов рухты әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аталған іс-шара облыстың 17 ауданында жалғасатын болады.