КӨКСАРАЙ АУЫЛЫНДА ЖАҢАРҒАН САЯБАҚ ТҰРҒЫНДАРҒА ЕСІГІН АШТЫ

 

Отырар ауданының Көксарай ауылында көріктендіру мен көгалдандыру бағытындағы игі іс жүзеге асты. Жергілікті кәсіпкер Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен ауыл орталығындағы саябақ аумағы кеңейтіліп, жаңа бейнемен түрленді. Жоба аясында түрлі ағаш көшеттері мен сәндік талдар отырғызылып, демалыс аймағының келбеті жаңарды.

Бұл жұмыстар ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың таза ауада серуендеп, жайлы ортада демалуына мүмкіндік берді. Көгалдандыру бастамасы елді мекеннің экологиялық жағдайын жақсартуға және ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашты.

Саябақтың жаңа аумағын абаттандыру рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, ауылдың дамуына үлес қосқан кәсіпкерге алғысын білдірді. Ол Оразхан Жанысбековты «Отырар ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттап, туған жерге деген жанашырлығы мен қолдауын жоғары бағалады.

Ауыл тұрғындары да елді мекеннің ажарын ашып, әлеуметтік ортаны көркейтуге атсалысқан кәсіпкерге ризашылықтарын жеткізді. Олар жаңа саябақтың балалар мен жастардың сүйікті демалыс орнына айналатынына сенім білдіріп, ауылдың өркендеуіне бағытталған мұндай игі істердің жалғасын тіледі.