Мақтааралда аппарат мәжілісінде бірқатар саладағы өзекті мәселелер көтерілді

Мақтаарал ауданында әкім міндетін атқарушы Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер талқыланды. Жиынға аудан басшылығы, бөлім жетекшілері және округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде аудан бюджетінің орындалуы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асуы, мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдерінің жай-күйі, көктемгі әскерге шақыру және ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы қаралды.

Аудандық қаржы бөлімінің басшысы жыл басынан бері бюджетті игеруде кездескен қиындықтарды атап өтіп, кейбір жоспарлы көрсеткіштердің орындалмау себептерін түсіндірді. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізілген сенбіліктер туралы баяндап, бірқатар ауылдық округтерде жұмыстардың әлсіз ұйымдастырылғанын айтты.

Жиын барысында Нұрбол Саттаров бұған дейін берілген тапсырмаларды орындамаған ауыл әкімдерін жеке атап, түсініктеме талап етті. Кейбір лауазым иелеріне тәртіптік шара қолдану тапсырылып, бұл мәліметтер хаттамаға енгізілді. Сонымен қатар, мемлекет мұқтажына алынатын жерлер бойынша жұмыстардың баяу жүріп жатқаны үшін жауапты бөлімдерге ескерту жасалды.

Әскерге шақыру және ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысын жандандыру тапсырылып, түсіндіру жұмыстарына ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторларды белсенді тарту қажеттігі айтылды.

«Мемлекеттік қызметшілер нақты нәтиже көрсетуі тиіс. Жауапкершілік пен тәртіп бар жерде ғана ілгерілеу болады», – деді Нұрбол Саттаров.

Жиын қорытындысында барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындау мерзімдері нақтыланды. Келесі отырыста әр мәселе бойынша нақты нәтижелер мен көрсеткіштер ұсынылуы тиіс екені ескертілді.