МАҚТААРАЛДА АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ ДАМУДА: ҮШ ЖАҢА ФАП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жаңа жыл Мақтаарал ауданы үшін әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың іске қосылуымен басталды. Аудан аумағында бір мезетте үш бірдей фельдшерлік-акушерлік пункт ел игілігіне беріліп, шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі едәуір артты. Бұл – ауыл халқының денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер, Ырысты және Қарақыр ауылдарында бой көтерген жаңа медициналық нысандардың ашылу рәсіміне аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады. Салтанатты жиында аудан басшысы мемлекет үшін халық денсаулығы басты құндылық екенін атап өтіп, ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды дамыту – елдің әлеуметтік тұрақтылығының маңызды кепілі екенін жеткізді.

– Ауыл тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бүгін пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пункттер жергілікті халыққа ұзақ жылдар бойы адал қызмет етеді деп сенемін, – деді Бақыт Асанов.

Жаңа ФАП-тар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асырып, нысандарды толықтай пайдалануға берген мердігер ұйым – «QAZ Goodwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания ғимараттарды белгіленген стандарттар мен санитарлық талаптарға сай тұрғызып, медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз еткен.

Фельдшерлік-акушерлік пункттер заманауи модульді үлгіде салынған. Әрбір нысан алғашқы медициналық көмек көрсетуге, жоспарлы тексерулер жүргізуге, жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын бақылауға толық бейімделген. Сонымен қатар, тұрғындар күнделікті медициналық кеңес алып, профилактикалық шаралардан өтуге мүмкіндік алады.

Ауыл тұрғындары үшін бұл нысандардың ашылуы – көптен күткен қуанышты жаңалық. Бұған дейін медициналық көмек алу үшін аудан орталығына немесе көршілес елді мекендерге баруға мәжбүр болған халық енді қажетті қызметті өз ауылында ала алады. Бұл, әсіресе, қарттар мен жас аналар үшін үлкен қолайлық.

Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар аталған жобаның жүзеге асуына үлес қосқан облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігеріне алғыс білдірді. Олардың айтуынша, ауыл медицинасын дамытуға бағытталған мұндай бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында денсаулық сақтау саласын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылдың ішінде аудан аумағындағы ауылдық елді мекендерде 10-ға жуық фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілген. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, шалғай ауылдардағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан медициналық инфрақұрылым жобалары өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беріп, ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған нақты қадам ретінде бағалануда.