Мақтааралда балаларға арналған қайырымдылық шара өтті

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Мақтаарал ауданында ерекше қуаныш сыйлаған қайырымдылық шара ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы «BalaTime» ойын-сауық орталығында өткен мерекелік іс-шара 50-ден аса отбасының балаларына шаттық сыйлады.

Шараға «Заречное» бірлескен кәсіпорны АҚ бас директоры Қанат Есенгелдіұлы Нұржанов демеушілік жасап, балаларға тәтті сыйлықтар мен орталыққа бір күндік тегін жолдама тарту етті. Кішкентай бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлерімен ойнап, арнайы ұйымдастырылған түскі аспен қуаттанып, шаттыққа бөленді.

Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бүлдіршіндерді құттықтап, отбасының қоғамдағы орны мен балалардың амандығы – мемлекет пен қоғамның басты парызы екенін атап өтті. Ол барша балаларға зор денсаулық, шаттық пен жарқын болашақ тіледі.

Ізгілікке негізделген бұл шара ата-аналар тарапынан да жоғары бағаланып, олар демеушілер мен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Шара соңында балалар мен ата-аналар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл күймен тарқасты.