Мақтааралда индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы сараланды

Мақтаарал ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуға жауапты құрылымдардың жұмыс нәтижесі талқыланды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы басты назарға алынды.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай әр сала бойынша белгіленген межелерге тоқталып, жоспардың орындалу деңгейін кеңінен баяндады. Аудан әкімі көрсеткіштерді егжей-тегжейлі саралап, жоспарды төмен орындаған бөлімдер мен мекеме басшыларынан нақты түсініктеме талап етті. Жауапты орынбасарлар мен ауыл әкімдеріне бірлескен жұмысты күшейту міндеттелді.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары мен орман-дала өрттерінің алдын алу болды. Бұл жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейрамхан Кемелханов баяндама жасап, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан қайғылы оқиғалар тіркелуі мүмкін екенін ескертті.
Қайрат Жолдыбайұлы суға түсуге арналған орындарға арнайы белгілер орнатып, рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға тыйым салу, сондай-ақ тұрғындар мен демалыс аймағының өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша да қатаң шаралар қабылдау тапсырылды.
Жиын қорытындысында аудан басшысы барлық тапсырмалардың орындалуын өз бақылауына алатынын айтып, тиісті бөлімдер мен ауыл әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.