Мақтааралда мектеп формаларын тігетін фабрика ашылады

Мақтааралда мектеп формаларын тігетін фабрика ашылады,деп хабарлайды Pressa24.kz.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында заманауи киім тігу фабрикасы іске қосылады. Жоба «FANGAO» ЖШС мен Қытайдың инвесторларының серіктестігі негізінде жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан орталығы Атакент кентінде орналасатын фабрика жалпы көлемі 1200 шаршы метрді құрайтын ғимаратта жұмыс істейді. Кәсіпорынның басты мақсаты – отандық нарыққа жоғары сапалы мектеп формаларын шығару. Алғашқы кезеңде Мақтаарал мен көршілес аудандардың мектеп оқушыларын толық қамту көзделуде.

Фабрика 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып, мамандарды оқыту мен қайта даярлау жұмыстарын маусым айынан бастамақ. Болашақта кәсіпорын спорттық киімдер, қызметтік форма және күнделікті киімдер де өндіруді жоспарлап отыр.

Мақтааралда ашылатын бұл өндіріс орны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, отандық жеңіл өнеркәсіптің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.