МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АРЫСТАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Арыс қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері ретінде аймақтағы түйткілді мәселелермен танысты.
Қала әкімі Қайсар Маңқараевпен бірге олар жергілікті атқарушы орган, тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді. Кездесуде депутаттар Мәжілістегі 2025 жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп, заң шығару қызметінің қорытындыларын таныстырды.
Қала басшысы шалғай елді мекендердегі тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңарту, қала мен Сырдария елді мекенін жалғайтын теміржол асты өткелін кеңейту және өзге де инфрақұрылымдық мәселелерге қолдау көрсетуді сұрады. Мәжілісмендер бұл ұсыныстарды назарға алып, тиісті министрліктерге депутаттық сауал жолданатынын жеткізді.
Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары кәріз жүйесін жаңарту, балабақша тапшылығын жою секілді халық көтеріп жүрген мәселелерге республикалық бюджеттен қаржы тартуға ықпал етуді сұрады.
Депутаттар жұмыс сапары барысында бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Атап айтқанда, Барыс шағын ауданындағы 60 пәтерлі екі тұрғын үй, Тараз тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп және Ақдала ауылындағы жаңа спорт кешені таныстырылды. Құрылыс сапасы мен аяқталу мерзіміне ерекше назар аударылды.





