Мәжіліс депутаты аудан тұрғындары көтерген әлеуметтік мәселелерді талқылады

Мәжіліс депутаты аудан тұрғындары көтерген әлеуметтік мәселелерді талқылады
Аудандық аурухана мен Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейін күрделі жөндеу – бұл ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековтің жергілікті ардагерлермен кездесуінде көтерілген негізгі мәселелердің бірі болды. Ауданға жұмыс сапарымен келген халық қалаулысы тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысты.
Депутат көтерілген мәселелерді депутаттық сауал арқылы жоғары деңгейде көтеретінін айтса, өз кезегінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жергілікті биліктің қолға алып жатқан шаралары туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, аурухананы жөндеуге қажетті қаражатты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы арқылы тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Ардагерлермен болған кездесуде сондай-ақ жаңа Салық кодексі, жеңілдетілген несиелеу және жасанды интеллектті дамыту сияқты Парламентте талқыланып жатқан өзекті тақырыптар да сөз болды.
Депутаттың сапары тек кездесулермен шектелген жоқ. Ол аудандық орталық аурухананың ұжымымен жүздесіп, медицина саласының дамуын талқылады және тұрғындар денсаулығын сақтауда профилактикалық шаралардың маңыздылығын еске салды. Сапарының соңында ауданды газбен қамтитын автоматтандырылған станцияның жұмысымен танысып, оның инфрақұрылымдық маңызын атап өтті және құжаттамасын реттеу бойынша ұсыныстарын берді.





