МЫРЗАКЕНТТЕ ЖАҢА ОРТАЛЫҚ САЯБАҚ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 

Мақтаарал ауданында 25 қазан – Республика күні қарсаңында Мырзакент кентінің жаңа орталық саябағы ашылды. Ашылу салтанаты «Altyn Kuz–2025» мерекелік іс-шарасымен және гала-концертпен жалғасты.

Жаңа демалыс аймағы тұрғындар үшін заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда балалар алаңшалары, амфитеатр, сәндік субұрқақтар, жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындықтары, автотұрақ және көгалдандырылған аймақтар бар. Бұл орын тұрғындардың тынығуына әрі жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени орталыққа айналмақ.

Саябақтағы амфитеатрда Республика күні мен Мемлекеттік егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына арналған «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты салтанатты іс-шара өтті.

Аудан әкімі Бақыт Асанов өз құттықтауында:
– Осыдан 35 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, халқымыздың тәуелсіз ел болуға деген тарихи арманы орындалды. Тәуелсіздік пен бірліктің арқасында ауданымыз өсіп-өркендеп келеді. Бүгін ашылған Мырзакенттің орталық саябағы – соның айғағы, – деді.

Мереке аясында ауыл шаруашылығы мен мәдениет саласында үздік еңбек еткен азаматтар министрлік, облыс және аудан әкімінің марапаттарына ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында жоғары нәтиже көрсеткен округтер мен агроқұрылымдарға «Altyn Kuz–2025» байқауы бойынша дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Кеш соңында эстрада жұлдыздары – Асан Пердеш, Нұрмахан, Ержан Қайратұлы және «Баян Сұлу» триосының қатысуымен гала-концерт өтіп, отшашулар атылды. Халық қос мерекені көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті.