Ордабасыда шетелдік дәрігер шеберлік сағатын өткізді

Түркістан облысының Ордабасы аудандық орталық ауруханасында шетелдік және отандық жоғары санатты мамандардың қатысуымен медициналық шеберлік сағаты өтті. Санкт-Петербург қаласындағы көпсалалы медициналық орталықтың эндоваскулярлық кардиохирургы, жоғары санатты дәрігер Павел Александрович Токарев және Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының нейрохирургы Нұрхан Жанатұлы Өтенов тәжірибелерімен бөлісті.
Жуырда Ордабасы аудандық ауруханасына заманауи “Allia IGS 3” ангиографиялық жүйесі орнатылып, жаңа құрылғының көмегімен екі күндік мастер-класс аясында сегіз науқасқа жоғары технологиялы оталар жасалды. Атап айтқанда, төрт науқасқа коронарографиялық зерттеу, бір науқасқа коронарлық артерияға стент қою, үш пациентке селективті церебральды ангиография отасы жүргізілді.
Ауруханадағы жаңа жабдық тек Ордабасы тұрғындарына ғана емес, көршілес Бәйдібек пен Арыс аудандарының тұрғындарына да жоғары мамандандырылған медициналық көмекті ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Енді олар шұғыл әрі жоспарлы түрде жүрек пен ми тамырларына күрделі оталарды ауданнан алысқа бармай-ақ жасата алады.
Бұл бастама ауыл тұрғындарына сапалы және жедел медициналық көмек көрсетуге бағытталған ауданаралық көпсалалы ауруханалар желісін дамыту мақсатында қолға алынған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен білікті мамандардың көмегі арқасында өңірдегі денсаулық сақтау қызметінің сапасы арта түспек.