Отырар ауданында Әбу Насыр әл-Фараби 1155 жылдығына арналған облыстық Фараби оқулары өтті

2025 жыл еліміз үшін тарихи мәні зор. Бұл жылда әлемге әйгілі ойшыл, «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толып отыр. Сонымен қатар, киелі Отырар өңірінің 90 жылдығы аталып өтуде. Осы ерекше оқиғаға орай аудандық орталық кітапхана жасөспірімдер арасында «Адамзаттың ұлы ұстазы» атты облыстық Фараби оқулары байқауын ұйымдастырды.

Байқау «Даналықтың дәнін сепкен данышпан» атты кітап көрмесін таныстырудан басталды. Сонымен қатар, қатысушыларға «Әбу Насыр әл-Фарабидің топырағын туған жерге әкелу» бейнефильмі ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен өлкетанушы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Бекжан Бейсенбай байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Түркістан облысының әр ауданынан 11 үміткер сайысқа түсіп, байқау үш кезең бойынша өтті:

🔰 І кезең: Әбу Насыр әл-Фарабидің 5 трактатын жатқа білу және біреуін оқу;
🔰 ІІ кезең: Ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру;
🔰 ІІІ кезең: Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінің бірін талдап, мазмұнын жеткізу.

Байқау қазылар алқасына өлкетанушы Бейсенбай Бекжан және Руханият Әбу Насыр әл-Фараби музейінің директоры Жұмашов Алмас кірді.

🏆 Нәтижесінде:
🥇 1 орын – Кентау қаласынан қатысқан Бақтияр Әмина;
🥈 2 орын – отырарлық үміткер Балжан Егембердиева;
🥉 3 орын – жетісайлық үміткер Ибадулла Адина жеңіп алды.
Сонымен қатар, түркістандық Ерболұлы Исматулла Бас жүлдені қанжығасына байлады. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттармен марапатталды.

Әбу Насыр әл-Фараби:
«Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», – деген сөзін ұмытпағандай, бүгінгі жастардың білімді, мәдениетті, көзі ашық болуына ерекше мән беріледі. Бұл – жарқын болашаққа бастар жол.