Отырар ауданының әкімі шалғай ауылдарды аралап, өзекті мәселелерді талқылады

Отырар ауданының әкімі шалғай ауылдарды аралап, өзекті мәселелерді талқылады,деп жазады Пресса24.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапарымен Қарақоңыр және Көксарай ауылдық округтерінде болып, бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы алдымен Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылында салынып жатқан шағын жабық спорт залдың құрылысын аралады. Аталған нысанды «Андас-групп» ЖШС салып жатыр. Кешенде болашақта футбол, баскетбол, күрес және үстел теннисі үйірмелері ашылады. Бұл ауыл жастарының спортпен айналысуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етпек.
Сонымен қатар аудан әкімі әлеуметтік нысандардың жағдайын тексеріп, тұрғындар көтерген ұсыныстарды тиісті мекемелермен бірлесе отырып шешу қажеттігін айтты. Ол ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеуді тапсырды.
Қайрат Жолдыбайұлы Қарақоңыр ТЖБ мен Сырдария елді мекендерінің ауыз су жүйелерінің құрылыс барысын да қадағалады. Ауыз су желілері жаңартылып, 120 абонентті тәулігіне 24 сағат таза ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Қарақоңыр ТЖБ-де 209, ал Сырдарияда 336 тұрғын тұрады.
Сапар соңында әкім Көксарай ауылдық округіндегі жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын «Есіркеп» каналының жай-күйімен танысты. Бұл канал арқылы 31 агроқұрылымға тиесілі 900 гектар суармалы жер суарылады. Алайда бірнеше жылдан бері механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмегендіктен, каналдың су өткізу қабілеті төмендеген. Суару маусымында бұл мәселе егістік жерлердің толық игерілуіне кедергі келтірген. Қазір арнаны тазалау жұмыстары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімдігі тарапынан қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуде.