«Отырар» балалар лагері жазғы маусымға дайындалуда

Жазғы демалыстың басталуына санаулы күндер қалғанда, Отырар ауданындағы мектеп оқушыларының тынығуына арналған «Отырар» балалар лагері маусымдық жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Осыған орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Түлкібас ауданындағы Машат шатқалында орналасқан лагерьге арнайы барып, дайындық барысымен танысты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаевтың айтуынша, биыл лагерьде шатырларды ауыстыру, әктеу-сырлау секілді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жатын орындар мен төсек-жабдықтар жаңартылып, санитарлық талаптарға сай келуі басты назарда.
Аудан әкімі жауапты мамандарға балалар қауіпсіздігі мен тазалық шараларына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Атап айтқанда:
- өзен бойындағы көпір қоршауларын нығайту;
- бейнебақылау камераларын орнату;
- асхана мен жатын бөлмелердің санитарлық талаптарын сақтау;
- тәрбиешілердің кәсіби жауапкершілігін күшейту, балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру;
- тамақ мәзірінің сапасын бақылау секілді міндеттер қойылды.
Айта кету керек, биыл Отырар ауданындағы 1050 мектеп оқушысы жазғы лагерде тынығады деп жоспарлануда. 31 жалпы білім беретін мектептен келген балалар лагерьде әр ауысымда 150 бала қабылданатын 7 ауысыммен демалады.