Отырарда Астана және Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты шара өтті

Биыл 6 шілде – Астана күні мен шілденің алғашқы жексенбісіне белгіленген Ұлттық домбыра күні қатар келіп, Отырар ауданында қос мерекеге арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

«Астана – арман қала» және «Күмбірле, киелі домбыра!» атты мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, тұрғындарды елдік пен руханиятты ұштастырған қос мейраммен құттықтады.

– Домбыра – халқымыздың рухани коды, сан ғасырлық тарихымыздың үнтаспасы іспетті. Ал Астана – тәуелсіздіктің тірегі, болашақтың бағдары. Бұл екі мереке – ұлттың өткені мен келешегін сабақтастырып тұрған символдар. Елдің ертеңі – осындай рухты шаралардан басталады, – деді Айдос Құлмаханов.

Мерекелік жиын барысында қоғамдық тәртіп пен ауданның тұрақтылығына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының атынан алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты кеште Отырардың өнерпаздары мен мәдениет үйінің ұжымдары ұлттық күйлер мен патриоттық әндер орындап, көрерменге рухани серпіліс сыйлады. Қос мереке аясындағы бұл жиын жұртшылықтың ұлттық сана мен мәдени мұраға деген құрметін арттырды.