Отырарда мақта өңдейтін жаңа зауыт іске қосылады — деп хабарлайды Пресса24 тілшісі. Түркістан облысының Отырар ауданында тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы заманауи зауыттың құрылысы жүріп жатыр. «Otyrar Cotton» ЖШС-не тиесілі өндіріс нысаны 2,1 млрд теңгеге бағаланып, қазан айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы аудан әкімі Қайрат Жолдыбай баспасөз жиынында мәлімдеді. Жоба аясында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, индустриалды аймақта тәулігіне 200 тонна мақта майын шығаратын зауыт пен күніне 10 тонна күріш өңдейтін кәсіпорындар салу жоспарланған. Әкімнің айтуынша, биыл ауданда жалпы құны 37,4 млрд теңгені құрайтын ірі және шағын жобалар жүзеге асырыла бастады

Отырарда мақта өңдейтін жаңа зауыт іске қосылады
— деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.

Түркістан облысының Отырар ауданында тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы заманауи зауыттың құрылысы жүріп жатыр. «Otyrar Cotton» ЖШС-не тиесілі өндіріс нысаны 2,1 млрд теңгеге бағаланып, қазан айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы аудан әкімі Қайрат Жолдыбай баспасөз жиынында мәлімдеді.

Жоба аясында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, индустриалды аймақта тәулігіне 200 тонна мақта майын шығаратын зауыт пен күніне 10 тонна күріш өңдейтін кәсіпорындар салу жоспарланған.

Әкімнің айтуынша, биыл ауданда жалпы құны 37,4 млрд теңгені құрайтын ірі және шағын жобалар жүзеге асырыла бастады. Жобалар маусымдық және тұрақты түрде 100-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. 2025–2026 жылдары отандық және шетелдік инвесторлар есебінен жаңа өндіріс көздері ашылуы мүмкін. Қазірдің өзінде агроөнеркәсіп саласына қызығушылық танытқан кәсіпкерлер бар.

Экономикалық көрсеткіштер де оң серпінге ие. Биылғы қаңтар-мамыр аралығында өндірілген өнім көлемі 25,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артқан. Егіс көлемі 54 796 гектарға жетіп, жоспардан асып орындалған.

Инфрақұрылым бойынша да бірқатар жетістіктер бар: халықтың 98,6%-ы таза ауыз сумен, 71,4%-ы табиғи газбен қамтылған. Жыл басынан бері ауданда 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш 116,5%-ға орындалған.