Отырарда соңғы қоңырау соғылды: түлектер мектеппен қоштасты

Бүгін Отырар ауданындағы барлық мектептерде соңғы қоңырау салтанатты түрде соғылып, мектеп бітіруші түлектер үлкен өмірге қадам басты. Солардың бірі — Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-лицей-интернатында өткен «Оқу-білім бұлағы, білім – өмір шырағы» атты түлектерге арналған қоштасу кеші ерекше сән-салтанатпен өтті.
Мерекелік шара оқушылар қолымен жасалған көрмені көпшілікке таныстырумен басталды. Іс-шара барысында мектеп директоры Ерғали Серікбаев оқу жылының жетістіктері мен мектептің даму бағыттары жөнінде баяндама жасап, оқушылар мен ұстаздарды құттықтады.
Мектеп түлектерін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов, сондай-ақ ұстаздар мен ата-аналар арнайы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Аудан басшысы мектеппен қоштасу — балалықтан үлкен өмірге аяқ басу екенін, бұл кезеңнің әр жас үшін маңызды белес екенін атап өтті.
Шарада үздік оқушылар мен ұстаздар марапатталып, оқушылардың ән-күйі мен биімен әрленген концерттік бағдарлама қойылды. Сонымен қатар, 11-сынып түлектері мемлекеттік Туды 10-сынып оқушыларына салтанатты түрде табыстап, мектеп дәстүрін жалғастыру эстафетасын аманаттады.
Мерекелік шара соңында түлектер аудан әкімімен естелік суретке түсіп, өмірлеріндегі маңызды күнді жарқын көңіл-күймен қорытындылады.