Отырарлық мектеп түлектері ауылға ойын алаңшасын тарту етті

 

Отырар ауданындағы Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-интернаттың 2005 жылғы түлектері туған ауылдарына ерекше тарту жасады. Олар өздері білім алған мектепке 20 жыл толуына орай жаңа ойын алаңшасын сыйға тартты.

Жаңадан салынған алаңшаның ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Серікжанұлы, ардагер ұстаздар Мейрамкүл Тұрлыбекова мен Шәрипа Үмбетова қатысты.

«Туған жерге туыңды тік» қағидасын берік ұстанған түлектердің бұл әрекеті — ауыл мен мектепке деген жанашырлықтың жарқын үлгісі. Аудан әкімі оларға ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

Шара соңында бастауыш сынып оқушылары арасында футбол жарысы ұйымдастырылып, «Аманат» партиясының Отырар аудандық филиалы жарысқа қатысушыларға спорттық киім мен футбол доптарын тарту етті.