САЙРАМ АУДАНЫНДА ЭКОЛОГИЯҒА ҚАМҚОРЛЫҚ: ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА МЫҢДАҒАН ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Түркістан облысының Сайрам ауданында ауқымды экологиялық сенбілік өтті. Шараның басты мақсаты – табиғатты қорғау, тазалықты сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру.

Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы көше бойлары қоқыстан тазартылып, қураған ағаштар кесілді. Аула мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, тұрғындар қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамайтынын көрсетті.

Игі іске 6678 адам мен 36 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 116 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға жеткізілді. Бұл – бір күндік акция аясында өңірдегі тазалық пен тәртіпке қосылған қомақты үлес.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық бастамалар Сайрам тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайтып, жас ұрпаққа үлгі болмақ.