Сайрам ауданында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

 

Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде жаңа ерікті өртке қарсы құрылымның ашылу салтанаты өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Бұл жоба ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін арттыру және тұрғындарды төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Құрылыстың жүзеге асуына жергілікті кәсіпкерлер үлес қосып, нысанды қажетті тұрмыстық және техникалық жабдықтармен қамтамасыз етті.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өз сөзінде:
«Жергілікті бизнес өкілдерінің осындай бастамаларға белсенді араласуы — ауыл аймақтардың қауіпсіздігін нығайтудың маңызды қадамы. Бұл халықтың өмірін қорғау ісіне қосылған нақты үлес», — деді.

Жаңа өрт сөндіру пункті қызметтік және тұрмыстық бөлмелермен, байланыс құралдарымен жабдықталған диспетчерлік орталықпен, асханамен, «Batyr Team» спорт залымен және өрт техникасына арналған арнайы бокс орнымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар еріктілер бөлімшеге ТЖМ тарапынан берілген өрт сөндіру автоцистернасы, жауынгерлік киім және радиобайланыс құрылғыларын алды.

Құрылым Қарамұрт, Низамабат және Аққала ауылдарына қызмет көрсетеді. Жалпы, бұл елді мекендерде 19 мыңнан астам тұрғын бар. Пункттің ашылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын қысқартып, өңірдегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұл бастама — «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан кешенді шаралардың бірі. Ол Түркістан облысының шалғай ауылдарын заманауи қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді көздейді.