Сайрам: Қарабұлақта ауыз су жүйесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылдық округінде ауыз су инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Сабитов құрылыс алаңына арнайы барып, нысандағы жұмыстардың барысын көзбен көріп, мердігер және жауапты сала басшыларымен бірге жобаның орындалу сапасын тексерді.
Қазіргі уақытта алты су ұңғымасы қазылып, олар қоршалып қойған. Бұған қоса, көлемі 1900 текше метрлік су қоймасының құрылысы басталған. Жоба талаптарына сай іске асуда, мердігер мекеме — «Алтын Констракшн» ЖШС жұмыс қарқынын үдетіп отыр.
Бұл бастама – ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Аудан басшылығының айтуынша, ауыз су мәселесі – өңірлік дамудың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, Қарабұлақ елді мекенінің мыңдаған тұрғыны үздіксіз әрі сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады.





