Сайрамда ауыз су тапшылығы мәселесі бойынша жиын өтті

Сайрам ауданына қарасты Ақсу ауылында ауыз су тапшылығына байланысты тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселені талқылау мақсатында жиын өтті. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Руслан Муздыбеков өткізді. Жиынға ауыл әкімі мен салаға жауапты бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары сапалы және тұрақты ауыз суға қол жеткізудің қиындығын алға тартып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған Руслан Муздыбеков мәселені шешудің нақты жолдарын қарастыру қажеттігін айтып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
— Ауыз су – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын қорытындысында ауылды тұрақты ауыз сумен қамту бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны хабарланды.